Бозбала мен Бойжеткен – 2022

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» ғашықтар күніне арналған «Бозбала мен Бойжеткен – 2022» қыз-жігіттер байқауы өтті. Оқу ордасының ректоры Гүлжан Сүгірбаева байқау шымылдығын ашып, жас өрендерге сәттілік тіледі.

Әр факультеттен алма мойын, қиғаш қас бұлбұл қыздар мен жуан білек, апайтөс дүлдүл жігіттерден құралған 9 жұп бақ сынасты.

4 кезеңнен құралған дүбірлі додада қатысушылар өз өнерлерін жанды дауыста ән айту, би билеу, музыкалық аспаптарда орындау, өлең оқу, халық ауыз әдебиеті, салт-дәстүр, әдет-ғұрпына байланысты қойылымдар қойып, «Ұшқыр ой кезеңі» сайысында сахнаға шығып, конвертке жасырылған қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрлерге байланысты әзірленген сұрақтарға көрермендер алдында жауап берді.

Байқауға Шымкент қаласы «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесінің меңгерушісі, журналист Зәуре Оралбаева, әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаева, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі Марат Ерімбетов, Бастауышта оқыту кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Сәуле Тілеуова, "AMANAT" партиясы Шымкент қалалық филиалы Саяси жұмыстар бөлімінің басшысы, 2001 жылғы «Жігіт сұлтаны» байқауының жүлдегері Ербол Байқонысов қазылық етті.

Нәтижесінде филология факультетінің студенттері Төлбай Естай мен Нуризат Сайлауқызы «Ынтымағы жарасқан жұп», Уалихан Жомарт мен Аманжол Айнамкөз «Парасатты жұп», жаратылыстану факультетінің студенттері Ғалижанұлы Асылжан мен Шермахан Ақжан «Әдемі жұп», өнер және білім факультетінің студенттері Сыдықов Мейірбек мен Нұрғалиқызы Асем «Өнерлі жұп», Жақсылық Мейірбек мен Мереке Марқаш «Талантты жұп», физика-математика факультетінің студенттері Бексұлтан Мағжан мен Жүрсүмбек Әсем «Көрермендер көзайымы» номинациялары бойынша марапатталды.

Ал тарих және педагогика факультетінің студенттері Мәлік Айдосбек пен Сәрсен Сара жүлде қоры 60000 теңгені құрайтын 3-орын иегерлері атанса, осы факультеттің атынан шыққан екінші жұп Қазығұл Аян мен Ғаниқызы Рабинұр 80000 теңгелік марапатпен 2-орынға шықты.

Көптен күткен 1-орын мен жүлделі 100000 теңге сертификаты Дене шынықтыру және спорт факультетінің намысын қорғаған Сағынтай Рамазан мен Адылбекқызы Ақсезімге табысталды.

Байқау жастарды ізеттілікке баулу, үлкенді құрметтеуге шақыру, ұлттық салт-дәстүрді жастар арасында насихаттау, ұлттық сананы қалыптастыра отырып оларды марапаттау арқылы жастардың қоғамдық және мәдениет салаларына белсенділігін арттыру. Қазақ халқының салт-дәстүріне байланысты жастарды әдептілікке, ізеттілікке, инабаттылыққа тәрбиелеу. Жастардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген құштарлығын арттыру. Қатысушы жастардың білімін, зияткерлік қабілетін арттыру. Талантты және дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып жоғары деңгейде өтті.