Нарожная Валентина Дмитриевна
Нарожная Валентина Дмитриевна 1953 жылы 26 маусымда Шымкент қаласында дүниеге келген. 1974 жылы Шымкент педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша үздік бітірген. Еңбек жолын 1974 жылы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастап, 1975 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің орыс тілі мен әдебиеті кафедрасында қажырлы еңбек етіп келеді.
1992 жылы В.Д.Нарожная М. В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде кандидаттық диссертация қорғады. 1996 жылы доцент атанып, 2010 жылы докторлық диссертация қорғады.
Валентина Дмитриевна "Қарым-қатынастың бейвербалды құралдары: мәдениетаралық коммуникация аспектілері", "Бейвербалды коммуникацияның ментальді маркаланған концептілері" атты екі монографияның, 30-дан астам оқу және оқу-әдістемелік құралдардың, Қазақстан Республикасында және алыс және жақын шетелдерде (Ресей, Қырғызстан, Украина, Англия, Польша, Венгрия, Болгария және т.б.) ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық конференциялар жинақтарында 250 ғылыми мақалалардың авторы. Валентина Дмитриевнаның жетекшілігімен орыс тіл білімі мен мәдениетаралық коммуникация теориясының жалпы мәселелері бойынша 11 магистрлік диссертация қорғалды.
В. Д. Нарожнаяның русистика саласындағы оқытушылық және ғылыми жұмысының жалпы өтілі 46 жылды құрайды. Ол Қазақстан Республикасының "КАЗПРЯЛ" орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларының қоғамдық бірлестігінің мүшесі, "Ресей жоғары оқу орындарының түлектері" қазақстандық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, "Эпоха и личность" ғылыми-ағартушылық жобасы командасының мүшесі, М.Д. Шаповаленко атындағы Халықаралық Мариин академиясының академигі (Мәскеу қ.).
Жоғары білікті мамандарды даярлау ісіндегі еңбегі, ғылыми-зерттеу жұмысындағы жоғары жетістіктері, көп жылдық жемісті кәсіби және белсенді қоғамдық қызметі үшін Валентина Дмитриевна "Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген білім беру қызметкері" төсбелгісімен (2011 ж.), "Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының 80 жылдығы" медалімен (2017 ж.) марапатталды.
Оқу және тәрбие процестерін ұйымдастыру мен жетілдірудегі елеулі табыстары, орыс тілі мен әдебиетіне деген жоғары кәсібилігі мен сүйіспеншілігі үшін Қазақстан Республикасындағы Россотрудничество Өкілдігінің Алғыс хаттарымен, орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларының халықаралық қауымдастығы (МАПРЯЛ) және "Ресей жоғары оқу орындарының түлектері" бірлестігі төралқасының орыс тілі мен әдебиеті бойынша іс-шараларды өткізуге белсенді қатысқаны үшін, Қазақстанның оңтүстік өңірінде орыс тілін дамыту мен таратудағы жемісті қызметі үшін Алғыс хаттарымен марапатталды.