Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Н.П.Подушкин атындағы археология орталығы Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығы қызметкерлерімен бірлесіп Түркістан облысында қазба жұмыстарын жүргізді. Кезекті қазба жұмысы Төлеби ауданы, Қасқасу ауылы, Сілбелі шатқалында орналасқан, Сілбелітөбе 1 обалы қорымында жалғасты.
Барлау жұмыстары барысында Сілбелітөбе 1 обалы қорымдарында жүйесіз 16 қорым, 600 м шығысқа қарай Сілбелітөбе қонысы орналасқандығы анықталған еді. Орналасқан обалы қорымдардың диаметрі 20 м және биіктігі 2 метрге дейін жетеді. Биылғы жоспарға сәйкес №5,6 обаларға қазба жұмыстары жүргізілді. Обаның пішіні Т-тәрізді, дәліз тереңдігі үш метрге дейін төменге түскен, және жерлеу орнының күмбезі бесікке ұқсас. Жерлеу орны б.з.д. I ғасырларға тән және Қаңлы мемлекетімен байланысты болып келеді. Қазба жұмыстары барысында №5 - ші обадан бірнеше сүйек қалдықтары мен құмыраның бөліктері табылды. Кіре берісі 50-60 кг болатын таспен жабылған, бірақ анықталғандай обаның өз заманында тоналғанын көруге болады.
№6-шы обада жүргізілген қазба жұмыстары барысында б.з.д. I ғ. – б.з. I ғ. жататын тұрмыстық жағдайда пайдаланған құмыра және де ағаштан жасалынған қорамсақ ішіне салынған 5 темір жебе ұштары анықталды. Сонымен қатар, ауыздықты әсемдеу үшін қолданған тілшелі тоға, ауыздық және белдік, аяқ-киімнің айылбас тоғалары табылды.
Сілбелітөбе обалы қорымдарында және жалпы екі ашылған обаның бірегейлігі - археологиялық жасақта алғаш рет жоғарыдан қазба түсірмейтін әдіс қолданылып отыр. Себебі топырақ құрамы ақ сұр түсті, қатып қалған цемент қоспасы сияқты берік саздан құралған. Сонымен қоса бұндай жерлеу орындарында сол замандағы пайдаланылған құрал сайманның ізі де сақталған. А.Н.Подушкиннің жетекшілігімен өткен биылғы археологиялық қазба жұмыстары нәтижелі болды. Алдағы уақытта да қазба жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасын табатын болады.