ТАЛАПКЕР БІЗДІ ТАҢДАЙДЫ!

 

Айдынай Рысбекова бүгін Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-ға құжат тапсыруға келді. Ол биыл Өзбекстанның Шыршық қаласында 11 сыныпты бітіріпті. Таңдаған мамандығы — болашақ киім дизайнері. Талапкер таңдауы неге бізге түсті, оны өзінен сұраған едік.

— Бөлем осы университетте оқиды. Оқу орны жайлы, мүмкіндіктері туралы жиі айтады. Шымкент туған жеріме жақын болғандықтан, құжат тапсыруға келдім, - дейді Айдынай.

Ал, Шымкент қаласындағы орта мектептердің бірін бітірген Мехрибан Арслан кішкентайынан ән айтуды жақсы көреді. Болашақта музыка пәнінің мұғалімі болғысы келеді. Мехрибан бізді неге таңдайды, оны өзі былай айтады:

— Жасыратыны жоқ, көптеген университеттердің білім беру сапасы туралы көпшілік арасында жақсы әңгіме айтылмайды. Ал, ОҚПУ-ды «жақсы оқытады» деген ұғым бар. Мен осы қағидаға сүйеніп, нағыз білім беретін жерді әдейі таңдап келдім. Ертең шығармашылық емтихан тапсырмақпын, —дейді.

Талапкерлердің бізді таңдауы әркез қуантады. Жолың болсын, жас талап!