НҰРЛЫБЕК — ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ!

Өзбекстан Республикасының Бұхара қаласында бокстан халықаралық турнир өтті.

Былғары қолғап шеберлерінің дүниежүзілік сайысында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ студенті Нұрлыбек Усманов топ жарып, бірінші орын тұғырынан көрінді.

Еліміздің Әнұранын шырқатып, көк байрағын көрші елде желбіретіп қайтқан жас ұлан университеттің денешынықтыру факультетінде 3-курста білім алып жүр. Шетелдік қандастарға арналған мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша оқитын Нұрлыбектің де туған жері Өзбекстанда.

— Ала тақиялы ағайындар былғары қолғап жарысына көп мән беріп, алғашқы нәтижелерін көрсетіп жүргенін білесіздер. Олар Кубадан арнайы жаттықтырушылар шақырып, бұған мақсатты түрде жұмыс жасауда. Жаттықтырушылардың да талабы қатаң,- деген Нұрлыбек алдағы уақытта да намысты қолдан бермеу үшін барын салатынын айтады.