Өртке қарсы оқу-жаттығу жиыны өтті

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Қазына» ғимаратында таңғы сағат 10:10 шамасында «өрт шықты»!
Төтенше жағдай туралы ақпарат нысан басшысына кезекшіден келіп түсті. Байланыс тобы шұғыл хабарландырылып, ғимараттағы адамдар түгел сыртқа шығарылды. Зақымданғандардың үстіндегі жанып жатқан киімдер өшірілді. Зардап шеккендер арнайы алаңға жиналып, медициналық көмек көрсетілді. Өрт шыққан жер анықталып, адамдар өзіне және өзара көмектесудің нәтижесінде қауіпті жағдай өршіген жоқ.
Бұл — университетте төтенше жағдай болған кезде орындалатын оқу-жаттығу дайындық жұмыстары болатын. Шара кезінде төтенше жағдайда азаматтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру, оны өткізуде басшы құрам мен жауаптылардың біліктілігін жетілдіру көзделді.
Нысандық жаттығуға университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, жауапты проректорлар қатысып, дайындық жұмыстарын пысықтады. Ұйымдастырушы инфрақұрылымды дамыту департаменті мен АҚ штабы, Төтенше жағдайда АҚ және төтенше жағдайда өрт қауіпсіздігін ұйымдастырушы мамандардың жұмысы бағаланып, кейбір кемшіліктерді жою үшін тапсырмалар нақтыланды.