ЖАҺАНҒА МӘЛІМ ЖОШЫ ҰЛЫСЫ

 

Халқымыздың кең-байтақ даласында құрылған түркі мемлекетінің соңы Қазақ хандығының құрылуымен аяқталған. Қазақ тарихында Жошы ұлысының іргетасы қаланғанына биыл 800 жыл толады.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті бүгін ғылым апталығы аясында «Жошы ұлысы-қазақ мемлекеттігінің бастауы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді. Жиында Жошы ұлысының тарихын зерттеудің өзекті мәселелері туралы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жомарт Жеңісұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты ҚБТУ қауымдастырылған профессоры Арман Жұмаділ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, «Тарих» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсын Хазіретәлі баяндама жасады. Сондай-ақ, Серікбай Мамраймов, Баһадүр Айтай, Қайрат Анарбаев, Бекмұрат Найманбаев сияқты университеттің белгілі ғалымдары ой қозғады. Іс-шараны ұйымдастырған тарих және педагогика факультетінің оқытушылары да Жошы ұлысына қатысты зерттеулерін назарға ұсынды.

«Дөңгелек үстел» соңы жарыссөзге жалғасып, университет Басқарма мүшесі-стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор, тарих ғылымдарының кандидаты Баршагүл Исабек тарихты зерттеуге құлшынысты арттырып, тіл үйреніп, деректерді сөйлете білудің маңызына тоқталды. Ал, студенттер Алтын дәуірдің қаһармандарын арнайы фильмдер мен контенттер арқылы жастарға насихаттау, олардың қызығушылығын арттыру туралы ойларын ортаға салды.

Айта кетелік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты көлемді сұхбатында еліміздегі даталы тарихи оқиғалардың бірі ретінде бұған ерекше көңіл бөлді. Қазіргі таңда Жошы ұлысын зерттеуге арналған іргелі жұмыстар елімізде басталып та кетті.