Филология факультетінің ұйымдастыруымен "Өмірден өнер жасаған жазушы" атты шығармашылық кездесу ұйымдастырды.
2022 жылғы 22 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Достық» орденінің иегері, Халықаралық ПЕН клубы және Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, жазушы, драматург, ҚР Еңбек Ері Дулат Исабековтың 80 жылдығына орай «Өмірден өнер жасаған жазушы» атты шығармашылық кездесу өтті.
Тағылымды жиынды филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек жүргізді. Сахна төрінде Дулат Исабековпен қатар жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», "Құрмет" орденінің иегері Бексұлтан Нұржекеев те қонақ болды. Қазыналы оқу ордасының ұлағатты ұстаздары мен білімгер жастары жазушымен әдемі сұхбат құрып, шығармашылығынан қойылымдар тамашалады.
ҚР Мәдениет қайраткері, ОҚМПУ доценті Үралхан Сейілбекова халық әні «Гауһартасты» шырқады. Өнер иесінің дәл осы әнді таңдауы тегін емес. Дулат Исабеков сценарийі бойынша түсірілген режиссер Шәріп Бейсембаевтың «Гауһартас» фильмі 1975 жылы жарыққа шығып, қазақ кино өнерінің алтын қорына айналды. Бүкілодақтық тұсау кесері 1977 жылдың маусым айында Мәскеу қаласында өтті. «Гауһартас» фильмі танымалдылығы жағынан күллі Кеңес Одағы бойынша «Қыз Жібек» фильмінен кейінгі екінші орында болды. Тамаша туынды қазақ жерінде ғана емес, өзге мемлекеттердің экрандарынан көрсетілді.
Бұдан өзге филология факультетінің студенттері жазушының «Қарғын» романы мен «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Бекет» повестерінен үзінділер оқыды.
Кеш соңында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаева қадірлі қонақтарға алғыс білдірді. 80 жасқа толған Дулат Исабековты мерейтойымен құттықтап, ОҚМПУ «Құрметті профессоры» атағын берді. Жақында ғана жарыққа шыққан «Шежірелі шаңырақ» жинағын сыйға тартты.