Психология кафедрасы
Кафедра тарихы
«Психология» кафедрасының тарихы
Психология кафедрасы – университетімізде 6В01101 – Педагогика және психология білім беру бағдарламасын даярлайтын және «Психология», «Жас ерекшелік психологиясы» пәндерін жүргізетін сервистік кафедра болып табылады. Кафедраның ғылыми әлеуеті – 45,4 пайызды құрайды.
Психология кафедрасы өз алдына дербес құрылым ретінде Шымкент педагогикалық институтының құрамында 1937ж. ашылған.
1971-1975 жылдары «Психология» кафедрасын отандық танымал зерттеуші-ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ноғайбай Айғабылов басқарған. Институтта еңбек еткен жылдар аралығында 100-ден аса ғылыми мақалалар мен бірнеше монографиялардың авторы болды. Н.Айғабылов Қазақ КСР-нің білім саласының үздік қызметкері атағының, бірнеше медальдардың иегері болды.
1976-1980 жылдары «Психология» кафедрасын отандық танымал зерттеуші-ғалым, педагогика ғылымдарының докторы және психология ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Бозайұлы Жарықбаев басқарған. Ғалымның негізгі еңбектері «Жалпы психология», «Жас ерекшелік және педагогикалық психология», «Этнопсихология» және т.б. 1980 жылы педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Жарықбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Психология» кафедрасының меңгерушісі қызметіне ауысты.
1980-1986 ж.ж. Ленинград психология мектебінің түлегі Ноғайбай Айғабылов «Психология» кафедрасына меңгерушілік қызметке қайта оралды.
1986-1994 жылдары «Психология» кафедрасын психология ғылымдарының кандидаты, доцент Хамракулов Тоқтамыш Хамракулович басқарған. Осы жылдардың арасында Т.Хамракулов 15 ғылыми мақала мен оқу-әдістемелік құралдарды арнайы басылымдарда жариялады.
2008-2015 жылдары «Психология» кафедрасын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университеті «Психология» факультетінің түлегі, педагогика ғылымдарының кандидаты Қ.Е.Қойшиев басқарды. Ұлағатты ұстаз «ҚР ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды (2015ж.).
2016-2018 жылдары «Педагогика және психология» кафедрасын педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін «Ы.Алтынсарин», Білім беру саласындағы айрықша еңбегі үшін «Ұлағатты ұстаз» төсбелгілерінің иегері Ш.Ж.Арзымбетова басқарды.
2018 оқу жылы 3 қыркүйекте университеттің Ғылыми Кеңесінің шешімімен «Психология» кафедрасы қайта құрылды. Осы кезеңнен ағымдағы 2023 жылға дейін Австралиялық Дикин университетінде, Мельбурн университетінде, ЙОРК эксперименттік ғылыми университетінде біліктілік курстарын тәмамдаған, сондай-ақ 100-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы, п.ғ.к. А.З.Әліпбек кафедрада меңгерушісі қызметін атқарды.
2023 оқу жылы 20-шы желтоқсаннан бастап, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі қызметіне педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы, 70-тен аса ғылыми еңбектердің авторы Булетова Ляззат Алпысбаевна тағайындалды.
Кафедрада сабақ жүргізетін профессор оқытушылардың ғылыми дәрежелері жоғары және жетекші оқу орындарында бірнеше жыл жұмыс істеген білікті, тәжірбиелі мамандар: М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университеті «Психология» факультетінің түлегі, п.ғ.к. Қ.Е.Қойшиев, Отандық педагогика ғылымдарының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген педагогика ғылымдарының докторы, профессорлар І.С.Сманов, Г.Ш.Оразымбетова, М.Е.Сыдықов, аға оқытушылар Н.Ш.Абдраманова, Г.Т.Айтжанова және педагогика және ғылымдарының магистрлері А.С.Усипбекова, А.М.Умбеталиева, А.Н.Сейдаева, Құлмахан Н.С., Досанова М.М., Әшен Б.М., Паримбай Г.Ғ. қызмет атқарады. Қазіргі таңда кафедрада 1 ғылым докторы, профессор, 8 ғылым кандидаты, 1 PhD, 4 аға оқытушы, 8 оқытушы еңбек етуде.
ОҚМПУ-дың барлық факультеттеріне «Психология» пәндерінен Қазақстан Республикасының ғылымы мен біліміне сүбелі үлес қосып жүрген Қ.Е.Қойшиев, Г.Ш.Оразымбетова, Г.Т.Айтжанова, М.Е.Сыдықов сынды жетекші ғалым-педагогтар сабақ береді.
«Психология» кафедрасының оқытушылары оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарының авторлары ретінде республикаға танымал ғалымдар. Кафедрадағы ғылыми-әдістемелік жұмыс әр оқу жылындағы оқу-тәрбие жұмысының мақсат-міндеттерін анықтаудан басталып, ғылыми түрде ұйымдастыру, оқу-тәрбие жұмыстарының орындалуын қадағалап, жүзеге асырумен, атқарылған жұмыстарға талдау-сараптама жасаумен жалғасады. Байқап көру, озық технологияларды оқып үйрену және оқу үрдісінде ұтымды енгізу, Елбасы жолдауларын, білім беру бағдарламаларын сапалы жүзеге асыру жолында кафедра ұжымы әрқашан шығармашылық ізденіс үстінде. «Психология» кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы біліктілігін арттыру мақсатында шетелдік және отандық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып келеді. Атап айтқанда, п.ғ.д., профессор І.Сманов Германия және Италия елдерінде; п.ғ.к., аға оқытушы Қ.Қойшиев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Психологиялық технология және инновация орталығында; аға оқытушы, халықаралық психологиялық ғылыми академиясының мүшесі Г.Айтжанова «Ең үздік психолог – 2021» атанып, Израиль, Белоруссия мемлекеттерінде «инклюзивті білім беру» бойынша біліктілігін арттырған; аға оқытушы Н.Абдраманова Мәскеу мемлекеттік Педагогикалық университетінде; оқытушылар А.Умбеталиева (Португалия) Техникалық университетінде, А.Усипбекова Қырғызстан Университеттерінде біліктіліктерін жоғарылатып келді.
Қазіргі уақытта алыс-жақын шетелдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастық орнатудың және білімгерлердің, оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытудың жаңа жолдарын іздестіру белсенді жүргізілуде. Академиялық ұтқырлық бойынша 2015-2016 оқу жылындағы біздің мамандығымыздың студенттері: Сарбаева Ирада Садридиновна, Блинова Дарья Владимировна, Ахмедова Гозалмалика Эльмуратовна, Омарова Бахытжан Шахмуратовна 1 семестр Болгариядағы Варна Еркін Университетінде (бұйрық №3-125, 14 тамыз 2015 жыл), 2018-2019 оқу жылында «Педагогика және психология» мамандығының 2-курс студенттері: Рахым Мадина Нұрдиллақызы, Сейітханкызы Клара 1 семестр Абай атындағы ҚазҰПУ оқыды (Бұйрық № 2/3, 10 қаңтар 2018ж.).
Сондай-ақ ағымдағы 2022 оқу жылының қыркүйек айынан бастап кафедра оқытушысы Г.Т.Айтжанованың бастамасымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Әлеуметтік жұмыс және тәрбие істері» проректорына қарасты «Психологиялық қолдау орталығы» ашылды. ЖОО-ның білім беру үрдісін ұйымдастыру үшін әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау, студенттер мен оқытушылардың, қызметкерлердің психологиялық қорғалуын қамтамасыз ету, олардың психикалық денсаулығын қолдау мен нығайту мақсатында ашылған психологиялық қолдау орталығында бүгінде осы бағыттарға сай жан-жақты, өнімді жұмыс жүргізілуде.
Кафедраның оқытушы-профессорларының оқулықтары, оқу құралдары, монографиялары жыл сайын жүйелі, жоспарлы түрде баспадан шығарып отырады. Дәріс беру барысында және студенттермен өткізілетін психологиялық мазмұндағы іс-шараларда оқытудың инновациялық технологияларын орынды қолдана отырып, жүргізеді. Жыл сайын өтетін Республикалық пән Олимпиадаларына, ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 6В01101 – Педагогика және психология білім беру бағдарламасы НААР, Атамекен рейтінгілерінде жоғары көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Мысалы, соңғы 3 жылда НААР рейтінгісі бойынша 6В01101 – Педагогика және психология білім беру бағдарламасы 9-орыннан 2-орынға көтеріліп отыр.
Атамекен рейтінгісінің 2020 оқу жылындағы көрсеткіші 6В01101 – Педагогика және психология білім беру бағдарламасы еліміздің 43 жоғары оқу орындары арасынан 8-орынға көтеріліп отыр.