Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі мен университеттің бірлескен жобасы аясында кеңейтілген төралқа мәжілісі өтті

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Қазақстан» мәжіліс залында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі мен университеттің бірлескен жобасы аясында кеңейтілген төралқа мәжілісі өтті.

Мәжіліс тақырыбы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15-наурыздағы Атырау қаласында өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзіне арналды. Алғаш болып Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев «Ұлттық сана экологиясы» тақырыбында баяндама жасады.

Жиында биылғы құрылтайдың ерекшелігі, рухани мәселелерге көбірек назар аударылғаны айтылды. Ардагерлер мен тиісті сала мамандары Президент айтқан проблемалардың шешімін табу жолы — алдағы уақытта оны санаға сіңіріп, жүректен өткізе отырып бірлесе жұмыс істеу туралы ортақ ойға бекінді. Мәжілісті Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов жүргізді. Шараға университет декандары мен кафедра меңгерушілері, студенттер қатысты.