ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ЕҢБЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ЗЕРТТЕЛУДЕ

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да рух сардары, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке арналған «ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ҚҰБЫЛЫСЫ: ТҰЛҒА ТАҒЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР» атты «ЖӘНІБЕКОВ ОҚУЛАРЫ – 1» тұңғыш халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті.

Конференция университетте тұлғаға арналған мемориалды ескерткіш тақтаның ашылуымен басталды. Бұдан кейін мәжіліс залында пленарлық мәжілістің ашылу салтанаты болды. Салтанатты шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатымен ашылды. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бақтияр Өнербаев құттықтау сөз сөйлеп, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева тұлға тағлымы және оның есімін жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Мәжіліске сондай-ақ, Алматы, Торғайдан келген құрметті қонақтар, Шымкент қалалық мәдениет басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев, музей қызметкерлері, кітапхана басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Айтыскер ақын Ақмарал Леубаева өлең оқыса, рух сардарының немере қарындасы Айғаным Серім ыстық естеліктерімен бөлісті. Конференция аясында ұлт жанашырының сан қырын ашатын тақырыптар бойынша секциялық мәжілістер өтті.

Қайраткер тұлғаның тарихи-этнографиялық мұралары, тұлғатану бағыты, еңбектеріндегі ұлттық тәрбие және педагогикалық құндылықтар, Өзбекәлі Жәнібеков және қазақ ұлттық қолөнері туралы зерттеулер жинақталып, таныстырылды. Зерттеу еңбектер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылып, конференция материалдары бойынша электронды еңбектер жинағы шығарылды. Өзбекәлі Жәнібеков жәдігерлерінен арнайы музей және мұрағат бұрышы жасақталып, келушілер қызыға тамашалады. Конференция оқу орнының ютуб арнасынан тікелей эфирде көрсетілді.

Ауқымды шараның өтуіне университет басшылығымен қатар, Ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор Ержан Керімбеков, ғылыми зерттеулер бөлімінің басшысы Ақмарал Тәжекова, Өзбекәлі Жәнібеков орталығының басшысы Эльмира Оразбаева, IT департаментінің директоры Саят Іңкәрбеков пен университеттің медиаорталығы ерекше атсалысты.