Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да Ұлттық киім күні аталып өтті

Наурыз мерекесі қарсаңындағы тағылымды іс-шараны тарих және педагогика факультеті ұйымдастырды. Университет алаңына әр кафедра қазақтың қолөнері мен дәстүрлі тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін ұлттық бұйымдарынан арнайы бұрыш жасақтады. Дастарқан жайылып, ұлттық ас мәзірі де көрініс тапты. Әрбір бұрышқа берілген атау да ерекше мәнге ие. Мәселен, қазақ жұртын алғаш «Кел, балалар, оқылық» деп ілімге шақырған Ыбырай есімін «Бастауышта оқыту әдістемесі» кафедрасы иеленсе, қазақша психологияның атасы Жүсіпбек ауылы болып «Психология» кафедрасы танылды.
— Мерекеде ұлттық киімді ғана емес, жалпы қазақы құндылықтарымыздың барлығын жастарға танытуды мақсат тұттық. Мәселен, ауылда туса да, жүн иіруді көрмеген бір студентіміз оны бүгінгі іс-шарадан білді. Жастар тарихымызды осындай шаралардан танып, құрметтеп жатса, біздің мақсаттың орындалғаны, —дейді факультет деканы Дариға Таутаева.
Мерекелік шараға Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек, факультет декандары мен құрылым, департамент басшылары, кәсіподақ ұйымының төрағасы, тағы басқалар қатысты. Ал, Мұхтар Әуезов атындағы ЗУ-ға Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ атынан ұлттық челлендж жолданды.