ОҚПУ-да ЕКІ ОҚУШЫҒА РЕКТОР ГРАНТЫ БЕРІЛДІ

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен республикалық «Алтын түлек» олимпиадасын өткізді. Ауқымды шараны «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебі ұйымдастырды.
Олимпиаданың мақсаты: мектеп оқушыларының арасынан математика пәні бойынша ерекше қабілетті балаларды анықтау, жоғары сынып оқушыларын ғылымға баулу және педагогикалық, инженерлік-техникалық мамандықтарға қызығушылықтарын ояту, кәсіптік бағдар беру болып табылады. Сайыс қорытындысы бойынша ең жоғары ұпайды иеленген 11-сынып оқушыларына Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 2 ректорлық гранты табысталды. Бұл қуаныш иегерлері №77 мектеп-лицей оқушысы Араз Сейділләбек пен №25 мектеп-гимназия оқушысы Альмира Жалымбетова болып табылды.
Марапаттарды табыстау рәсіміне Шымкент қаласы «Дарын» орталығының директоры Р.Джеренова, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ Маркетинг департаментінің директоры А.Қылышбаев қатысты. Олимпиада қатысушыларына университет тарапынан кәсіптік бағдар жұмыстары жүргізіліп, оқу орны туралы жан-жақты ақпараттар берілді.