ОҚМПУ ұстаздары "Жаңа педагогика" бағдарламасын игеруде

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде білім беру үдерісін заман талабына сай трансформациялау мақсатында өткізіліп жатқан семинар тренинг жұмысы қорытындыланды. Биылғы жылдың 8 сәуірінде басталған шара аясында білім беру бағдарламаларын жаңарту, редизайн, инновациялық бағдарламалар жасау әдістері үйретілді.

Тренинг Ұлттық ұстаз онлайн академиясының директоры Гүлмира Қорғанбаеваның авторлық әдістемесімен жасалған «Жаңа педагогика» курсы негізінде жүргізілді. Аталған шараға университет басшылары, факультет декандары, кафедра меңгерушілері мен оқытушылары қатысты. Семинар барысында барлық кафедрада әлемдік озық жоғары оқу орындарының бағдарламалары талданып, заманауи тенденцияларды ескере отырып, бітірушінің моделі мен білім беру бағдарламаларын жаңарту жұмыстары жүргізілді және әрбір білім беру бағдарламасының ерекшеліктері сарапталды. Атап айтқанда, университет түлегінің 11 құзіреттілік бойынша жаңа моделі жасалды. Нәтижесінде ОҚМПУ-да жаңа үлгідегі академиялық білім беру бағдарламасы мен жаңартылған силлабус жасалатын болды. Университет студенттері келесі оқу жылында жаңа форматта білім алатын болады. Нәтижесінде, болашақ мамандар кәсіби дағдылар мен құзыреттерге ие болып қана қоймай, сонымен қатар soft skills қорын меңгерген, қосымша міндеттерді орындауға дайын, жаңа мүмкіндіктер жағдайында әрекет етудің заманауи тәсілдерін білетін маман болып шықпақ.