БОС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ – 2022

Бүгін 85 жылдық тарихы бар, «Ұстаздар ұстаханасы» атанған, республикамызға білікті педагог мамандар дайындап шығаратын оңтүстік өңірдегі тұңғыш жоғары оқу орны – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде 2022 жылғы бітіруші түлектерді жұмысқа бөлу мақсатында «БОС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ – 2022» Республикалық жұмыс берушілер форумы өте жоғарғы деңгейде өтті. Форум шымылдығын университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева ашты. Гүлжан Дәулетбекқызы өз сөзінде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаннан кейін педагог мәртебесінің артып, педагог мамандарға деген көзқарастың түбегейлі өзгергені туралы және мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіліп жатқандығын атап өтіп, болашақ жас педагогтарға жарқын болашақ тіледі. Форумда Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың жастарды қолдауға соның ішінде педагог мамандарды жұмыпен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларының аясында Шымкент қаласы әкімдігінің "Халықты жұмыспен қамту орталығының" директоры Әсет Шағдат баяндама жасап, түсіндіріп берді. Форумның ең маңызды көрінісі әрі жемісі ретінде 2022 жылғы түлектер арасында Түркістан облысы бойынша 10 түлекке, Шымкент қаласы бойынша 10 түлекке, республикамыздың өзге аймақтары бойынша 10 түлекке жұмысқа орналасу үшін арнайы Жолдама берілді. Жолдаманы Түркістан облысы бойынша адами әлеуетті дамыту басқарма басшысының орынбасары А.М. Садықова, Шымкент қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Г.С. Нахбаева, ОҚМПУ ректоры Гүлжан Сүгірбаева табыстады. Сонымен қатар, 2020 жылдан бері университетпен кәсіби бағдар беру және түлектерді жұмыспен қамту мақсатында екі жақты меморандумдар жасап, тұрақты түрде ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқан жұмыс берушілер әрі ОҚМПУ түлегі болып саналатын Түркістан облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматовқа, Түркістан облысы Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаеваға, Түркістан облысы Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінің директоры Айдос Аппазовқа, Шымкент қаласының «Ақпараттық коммуникациялық орталығы» КММ директорының орынбасары Нүркен Әлімқұловқа ОҚМПУ-дың төсбелгісі табысталды. Форумға Түркістан облысы және Шымкент қаласындағы 130-ға тарта білім беру мекемелерінен 160-тан астам жұмыс берушілер кадр бөлімінің мамандарымен бірге келіп, іс-шараға портфолиомен келген ОҚМПУ түлектеріне жұмысқа қабылдауға ұсыныстар жасады. 2022 жылы ОҚМПУ-ды 1516 түлек бітіріп шығатын болса, университет түлектеріне республикамыздың білім беру мекемелерінен 3573 сұраныс ресми түрде келіп түсіп, тіркелді. Бұл сұраныс ОҚМПУ түлектерінің біліміне деген жоғары көзқарасты танытады.